Атырау облысында жолдардың қысқы дайындығы пысықталды

Атырау облысында жолдардың қысқы дайындығы пысықталды

Қысқы маусымға дайындық үшін 174 арнайы техника, 935 тонна инерттік материал және 38 тонна жанар-жағармай әзірленді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қолайсыз ауа райында жолаушыларға жедел көмек көрсету мақсатында Атырау қаласы және Махамбет, Құрманғазы, Мақат аудандарында 4 жол пайдалану учаскесі, ал Құлсары, Қызылқоға және Индер аудандарында 3 жол бөлімшесі жұмыс істейді. Ауа райының болжамына қарай тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады.

Көктайғақтың алдын алу үшін жол бойына 28–30 шақырым сайын «Тайғақ жол» және «Ең жоғарғы жылдамдық» уақытша белгілері орнатылуда. Қысқы реагенттер қоры ретінде 6800 м³ құм, 4150 тонна техникалық тұз, 28 тонна бензин және 60 тонна дизель дайындалған.

Облыстық жолдарда шөп шабу, шұңқырларды жөндеу, белгілерді жаңарту жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар «Индер–Қарабау–Миялы–Сағыз» трассасының қар басатын бөлігінде 10 шақырымдық қар ұстағыш орнатылып, жол деңгейі көтерілген.

Айта кетейік, Республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау филиалының бақылауында. Ал қысқы күтім мен жыл бойғы қызметті «ҚАЖсервис» ЖШС атқарады.