
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Мақат ауданының Бәйгетөбе ауылында тұрғындармен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Тұрғын үй құрылысы
2024 жылы 116 отбасы жаңа баспаналы болды. 2025 жылы облыстық бюджет есебінен 138 пәтер сатып алынды, бүгінде олар тұрғындарға тапсырылуда.
Доссор кентінде NCOC компаниясының демеушілігімен салынып жатқан 60 пәтерлік үш қабатты тұрғын үйді жыл аяғына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Соңғы екі жылда апатты жағдайдағы үйлерде тұрған 98 отбасының 56-сы жаңа баспанаға ие болды.
Доссор кенті мен Бәйгетөбе ауылында 905 жер учаскесіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылуда. Жұмыстарды 2026 жылы аяқтау көзделген. Содан кейін учаскелер кезек ретімен тұрғындарға берілмек.
Мақат және Доссор елді мекендерінде 28 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілуде. Оның 24-і толық жаңартылды, қалған үйлердегі жұмыстар жыл аяғына дейін тәмәмдалады.
Инфрақұрылым
Мақат кентіндегі вокзалға күрделі жөндеу жүргізілуде, ал Доссорда жаңа вокзал салынып жатыр. Бұл нысандағы жұмыстарды жыл аяғына дейін бітіру көзделген.
О. Сарғұнанов атындағы мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуде, аудандағы бейімдеу орталығына арналған бос ғимарат та қайта жаңғыртылып жатыр.
Биыл Бәйгетөбе ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Онда бокс, күрес және спорттық ойын түрлеріне арналған залдар бар, спортпен шұғылдануға толық жағдай жасалған.
Келесі жылы «Мақат Арена» спорт кешені мен Доссордағы сауықтыру-дене шынықтыру орталығының құрылысы аяқталады деп жоспарланған.
Автожолдар
Мақатта 24 шақырымдық автомобиль жолының құрылысы жүріп жатыр. Соның 16 шақырымы аяқталған, қалған 8 шақырымы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі.
Бәйгетөбе ауылында 2,1 шақырым жол салынуда. Бұл жобалар жүзеге асқан соң ауданішілік жол инфрақұрылымы толық жаңартылады.
Тазалық және экология
“Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында “Таза Мақат” коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Онда ауданның тазалығын қамтамасыз ететін 55 қызметкер және 17 бірлік арнайы техника бар.
Кездесуде тұрғындар денсаулық сақтау, жол, білім беру және мәдениет салаларын дамытуға қатысты мәселелер көтерді. Әкім әр ұсыныс бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Кездесуден кейін облыс әкімі жеке қабылдау өткізіп, онда азаматтардың жеке және әлеуметтік мәселелері бойынша өтініштері қаралды.