
«Атырау-Астрахань» бағытындағы республикалық маңызы бар тасжолдың 616–621 шақырым аралығы облыс әкімдігінің балансына беріліп, оны I техникалық санатқа сәйкестендіру көзделіп отыр. Бүгінде ұзындығы 4,76 шақырым болатын айналма жолдың құрылысы аяқталды. Сонымен қатар 2,2 шақырым учаскеде жолдың негізгі қабаты төселіп, оның 0,8 шақырымына қиыршық тас пен құмды қоспа жайылды. Жолмен қиылысатын газ, су және «Қазақтелеком» инженерлік желілері толықтай көшіріліп, жаңа бағытқа ауыстырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Қазахдорстрой» ЖШС жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта теміржол өткелінің кірме жолдарына топырақ төселіп жатыр. Сонымен қатар жаңа теміржол өтпесіне арналған 500 дана тірек орнатылып, толықтай бекітілді. Бұл жұмыстар нысанның сапалы әрі уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуге бағытталған.
— Жолдың жалпы ені – 15 метр, қозғалыс бөлігі – төрт жолақты, әрқайсысының ені 3,5–4 метр аралығында. Бөлу жолағының ені төрт метр, ал көпір ұзындығы 89,4 метрді құрайды. Құрылыс мерзімі – екі жыл,- деді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұржау Маратов.
Айта кетейік, бұл аумақтағы жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін 70 пайызға аяқталады деп жоспарланған.