ЖАТТЫҚТЫРУШЫ ПСИХОЛОГИЯСЫ: ТҰЛҒАЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ЗАЙЫРЛЫ САНА ҮЙЛЕСІМІ

ЖАТТЫҚТЫРУШЫ ПСИХОЛОГИЯСЫ: ТҰЛҒАЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ЗАЙЫРЛЫ САНА ҮЙЛЕСІМІ

Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен және «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен 23 қазан күні «Beluga» қонақ үйінің конференц залында «Жаттықтырушы психологиясы: тұлғалық құндылықтар мен зайырлы сана үйлесімі» атты психологиялық тренинг өтті.

Шара Республика күні қарсаңында ұйымдастырылып, дене шынықтыру және спорт саласында еңбек ететін жаттықтырушылардың кәсіби және рухани мәдениетін арттыруды, олардың қоғамдағы жауапкершілік рөлін күшейтуді, құқықбұзушылықтың, діни жат ағымның алдын алуды мақсат етті.

Тренингтің ашылуында сөз сөйлеген Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мусаев қатысушыларды мерекемен құттықтап, қоғамдағы зайырлылық қағидаттарын сақтаудың маңыздылығына тоқталды.

Басқарма басшысы өз сөзінде:

“Біздің еліміз – зайырлы мемлекет екенін естен шығармауымыз қажет. Бұл — әр азаматтың ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін құрметтеу. Яғни, балалармен, жасөспірімдермен жұмыс істегенде олардың діни көзқарасына ықпал етпей, баршаға бірдей, бейтарап әрі әділ қарым-қатынас жасау — зайырлылықтың басты талабы. Сіздер спортшы тәрбиелеп қана қоймай, болашақ азамат қалыптастырып жатырсыздар. Сондықтан жас буынның дүниетанымына әсер ету де маңызды”, — деді ол.

Шара барысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы, психолог Гүлвира Ғибатоллақызы Құбышева қатысушылармен психологиялық тренинг өткізді. Ол жаттықтырушылардың кәсіби қарым-қатынастағы эмоционалды тұрақтылығын, өз-өзін реттеу мен мотивацияны арттыру тәсілдерін түсіндіру арқылы практикалық жаттығулар жүргізді.

Келесі кезекте «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының теологы Думан Асқарұлы Күмісбек «Мықты мұсылман – әлсіз мұсылманға қарағанда хайырлы» тақырыбында баяндама жасады. Ол дін мен спорттың үндестігін, исламдағы жауапкершілік пен еңбекқорлық қағидаларын талдап, жастарды теріс діни идеологиядан қорғауда жаттықтырушылардың рөлін атап өтті.

Сондай-ақ, «Ақпараттық-талдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің маманы Исатай Ғиззатов қатысушыларға ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының негізгі талаптарын түсіндіріп, әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларына тоқталды. Арнайы презентациялар, бейнероликтер ұсынды.

Тренинг соңында қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.

Іс-шара қатысушылардың зайырлы қоғамда жастармен жұмыс істеудің жаңа қырларын танытқан мазмұнды кездесу болды.