
Отырып ойнау волейболынан ерлер арасындағы еліміздің ұлттық құрамасы алғаш рет Әлем кубогынан қола медаль жеңіп алды. Ондағы 13 спортшының 10-ы — атыраулық. Жарыс 9-18 қазан аралығында АҚШ-тың Индиана штаты Форт-Уэйн қаласында өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қола жүлде үшін өткен шешуші ойында Қазақстан құрамасы алаң иелері АҚШ командасын 3:1 есебімен жеңіп, тарихи табысқа қол жеткізді.
Биылғы әлемдік додаға ерлерден құралған 14 команда және алты әйелдер командасы қатысты. Іріктеу кезеңдерінде спортшылар Италия, Канада, Польша, АҚШ, Таиланд және Франция командаларынан басым түсті.
- Әлем кубогының қола жүлдесі біздің пара-спортшылар шеберлігінің лайықты бағасы ғана емес, 2028 жылы Лос-Анджелестегі Паралимпиада ойындарына маңызды қадам. Өйткені турнир ойындарға іріктеу үшін рейтингтік ұпайларды береді. Құрама алдағы уақытта Әлем чемпионаты мен Азия чемпионатына дайындық жұмыстарын жалғастырады, - деді параволейболдан Ұлттық құраманың бас бапкері Бауыржан Тахауов.
Еске салсақ, биыл жылы Қазақстан параволейбол құрамасы алғаш рет Азия чемпионы атанған болатын.