Мақат ауданында Республика күніне арналған «Мәңгілік ел – Қазақстан» атты гала-концерт өтті

Мақат ауданында Республика күніне арналған «Мәңгілік ел – Қазақстан» атты гала-концерт өтті

25 қазан – Республика күніне орай Мақат ауданындағы Орталық стадионда «Мәңгілік ел – Қазақстан» атты мерекелік гала-концерт ұйымдастырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Мерекелік кешке аудан тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ мәдениет және өнер саласының өкілдері қатысты.

Гала-концерттің ашылуында Мақат ауданының әкімі Азамат Мәмбетов сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын Республика күнімен құттықтады.

- Республика күні – халқымыздың Тәуелсіздікке бастау болған ең қастерлі мерекелердің бірі. Бұл күн – егемен еліміздің рухын көтеріп, бірлігін бекемдейтін, елдіктің айшықты мерекесі. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл – Отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын, ел болашағына сенім ұялататын ерекше күн. Осы мереке әр шаңыраққа қуаныш, ырыс пен ынтымақ әкелсін. Еліміз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді А.Мәмбетов.

Концерт барысында Қазақстанның және өңірдің танымал өнерпаздары патриоттық, халықтық және заманауи әндерді орындады.

Мерекелік бағдарламада Ләйла Садуақасова, Дәулет Жақып, Жұлдыз Бекболат, Данияр Еримов, Мейрамгүл Болатқызы және Шолпанай Өтемісова сынды өнерпаздар өнер көрсетті. Кештің шарықтау шегінде қазақ эстрадасының белгілі өкілдері – «Заман» тобы мен Нұрболат Абдуллин сахна төрінен көрініп, әсерлі орындауларымен көрерменді тәнті етті.

Гала-концерттің финалында Достар квартеті орындаған Ерболат Қарақойшының «Елім деп соқсын жүрегім» әні шырқалып, көпшілік назарына мерекелік отшашу ұсынылды.