«Халық үні» жобасы аясында ауызсу түйткілдері көтерілді

«Халық үні» жобасы аясында ауызсу түйткілдері көтерілді

Атырауда «Қазақстан Халық партиясы» облыстық филиалының ұйымдастыруымен халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара «Халық үні» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.


Жоба елді мекендердегі ауызсу мәселелерін шешу үшін қоғамдық мониторинг жүргізуді, диагностика жасауды және билік пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді көздейді. Ол «Ауызсу» (2002–2010 жж.), «Ақ бұлақ» (2011–2020 жж.), «Нұрлы жер» (2019–2025 жж.) мемлекеттік бағдарламалары мен партияның сайлауалды тұғырнамасындағы «Әрбір елді мекенге – таза ауызсу» тармағы аясында жүзеге асырылып жатыр. Атырау облысы халқының 99,9% таза ауыз сумен қамтамасыз етілген.

Тамызда Еркінқала селолық округінде өткен мониторинг пен көшпелі кездесулер барысында ауызсудың сапасы мен тұрақтылығына қатысты бірқатар мәселе анықталды.

-Атырауда «жазғы су құбыры» (саяжайға, бақшаға, көгалдарға арналған бөлек техникалық су жүйесі) шынымен өзекті мәселе. Қазір «Жазғы су құбырын»салуға жобалық-сметалық құжат дайындалып, келесі жылға бұл сұрақ өз шешім табады, - деді қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Маулен Саламатов.

Дөңгелек үстелге жергілікті атқарушы орган өкілдері, коммуналдық кәсіпорындар мен су арна мамандары, сарапшылар, қоғам белсенділері қатысты. Басқосуда жиналған мәліметтер таныстырылып, ауызсудың сапасы мен қолжетімділігіне қатысты өзекті мәселелер мен олардың шешу жолдары талқыланды.