Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Исатай ауданына жұмыс сапары аясында тұрғындармен кездесіп, ауданның бүгінгі жағдайы мен алдағы әлеуметтік-экономикалық даму жоспары туралы айтты

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Исатай ауданына жұмыс сапары аясында тұрғындармен кездесіп, ауданның бүгінгі  жағдайы мен алдағы әлеуметтік-экономикалық даму жоспары туралы айтты
Аймақ басшысы биыл Аққыстау ауылында 250 орындық өнер мектебі салынып, пайдалануға берілгенін атап өтті. Тұщықұдық ауылында саз мектебінің құрылысы басталды, дәл сондай мектеп Жанбайда  да салынбақ. 
 
Нарын ауылында 300 орындық Мәдениет үйінің жобасына түзету енгізілуде, одан кейін құрылыс жұмыстары қайта жалғасады. Нарын және Томан ауылдарында әрқайсысы 80 орындық балабақша салынуда, оларды жылдың аяғында пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, биыл Нарын және Зинеден ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға беріледі. Х. Ерғалиев және Исатай ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы аяқталған.
 
Денсаулық сақтау саласында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Өркен ауылында фельдшерлік-акушерлік қосын, Жасқайрат ауылында медициналық қосын салынды.
 
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Хамит Ерғалиев, Жанбай және Тұщықұдық ауылдарында жазғы су құбырлары тартылуда, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Өркен ауылында су тазарту имараты қайта жаңғыртылды, ал Қаратүбек және Төмен ауылдарындағы жұмыстар биыл аяқталады.
 
Электрмен қамту бағытында Томан ауылын электрмен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталды. Биыл Қызылүй, Зинеден және Исатай ауылдарында электр желілерін тарту және көшелерді жарықтандыру жобалары басталады.
 
Жол саласында Тұщықұдық ауылында 8,3 шақырым ішкі жол қайта жаңғыртылды, Жанбай (9,5 км) және Х. Ерғалиев (8,6 км) ауылдарында жұмыстар жалғасуда. Биыл Қызылүй ауылына кіреберіс жолдар мен Аққыстаудағы көшелер жөнделеді.
 
Тұрғын үй-коммуналдық сала бойынша әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін былтыр 6 пәтер сатып алынса, биыл тағы 28 пәтер алу көзделген.
 
Тағы бір маңызды бағыт — шағын және орта бизнесті, сондай-ақ өнеркәсіпті дамыту.
Бұл бағытта ауданда іске асырылып жатқан жобалар:
-Х. Ерғалиев ауылындағы жылына 480 мың тонна сұйытылған азот пен оттегі өндіретін зауыт құрылысы;
- Тұщықұдық ауылындағы сыйымдылығы 500 тонналық сұйытылған газ қоймасының құрылысы;
- Жанбай ауылындағы метан құю бекетінің құрылысы.
 
Облыс әкімі инвесторларды облыс орталығына ғана емес, аудандарға да тартудың маңызын атап өтті. Бұған толық жағдай жасалған. Кәсіпкерлерге жобаны іске асырудың барлық кезеңінде, яғни инженерлік инфрақұрылымнан бастап жер телімдеріне дейін қолдау 
көрсетіледі. 
 
Аймақ басшысы баяндамадан соң  тұрғындармен ашық диалог орнатты.