9 шілде – Ветеринария және су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Атырау облысында осы салаларда абыройлы еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетілді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов ҚР Премьер министрі Олжас Бектеновтің құттықтау хатын оқып, сала мамандарына ыстық лебізін білдірді.
⁃Ветеринария мен су шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрген азаматтар мен ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Өңірдегі ахуалдың тұрақтылығын сақтауда сіздердің еңбектеріңіз зор. Жыл сайын материалдық техникалық базаның жағдайын дамытуға назар аударылып келеді. Соңғы екі жылда ветеринария мамандарына 76 көлік сатып алынды. Бұның барлығы — мемлекеттен осы салаға көрсетіліп жатқан қолдаудың көрінісі. Баршаңызға амандық пен жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! Елдің игілігіне жасап жүрген қызметтеріңіз бағалана берсін, - деді облыс әкімінің орынбасары Д. Шамұратов.
Исатай ауданы Аққыстау ауылдық округі ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Алдаберген Салихов «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Құрманғазы аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Асылбек Ешекиеев те «Еңбек ардагері» медалінің иегері атанды. Ал «Құрманғазы аудандық ветеринариялық стансасы» КМК Асан ауылдық округінің меңгерушісі Азамат Абдуллин «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісіне лайық деп танылды. Сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасы Атырау қалалық инспекциясының бас маманы Гүлнұр Иманалиева мен Жылыой ауданы Қосшағыл ауылдық округінің ветеринариялық дәрігері Сембай Ізбасовқа табысталды.
Бұдан басқа 28 адамға облыс әкімінің Алғыс хаты, министрлік пен комитеттің Құрмет грамоталары мен төсбелгілері берілді. Олардың қатарында сала ардагерлері, ауылдық округтердің тәжірибелі ветеринар дәрігерлері, инспекция қызметкерлері мен басқарма мамандары бар.
36 жыл еңбек өтілі бар мал дәрігері Асылбек Ешекиеевтің айтуынша, бұл мамандықтың адам денсаулығын қорғаудағы маңызы зор.
⁃Себебі «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген сөз бар. Шекарада мал дәрігерлігінен бастап, басшылық қызметке дейін түрлі жұмыс жасадым. Еңбегімнің еленіп жатқанына ризамын, өңірдегі ахуал әрқашан тыныш болып, білімді мамандар көбейе берсін, - деді Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Құрманғазы аудандық аумақтық инспекциясының басшысы А. Ешекиеев.