Атырау облысы мен ҚХР-ның Ляонин өлкесі арасында іскерлік қарым-қатынас орнады

Атырау облысы мен ҚХР-ның Ляонин өлкесі арасында іскерлік қарым-қатынас орнады

Аймақ басшысы Серік Шәпкенов ҚХР Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэймен кездесті

Өнеркәсіптік әлеуеті жоғары, мұнай-газ саласында тәжірибесі мол қос өңір үшін бұл жиын бірлескен жобаларды талқылап, экономикалық мүмкіндіктерді бағамдауға мүмкіндік берді.

Кездесуде сөз алған өңір басшысы Серік Шәпкенов Қазақстан мен Қытай арасындағы «Алтын 30 жылдықтың» басталуына орай серіктестіктің өңірлік деңгейде де нығаюына үлес қосуға дайын екенін айтты.

- Жалпы Атырау облысы әлемнің 100-ден аса елімен табысты ынтымақтастық орнатқан. Нәтижесінде өңірде 2 мыңға жуық бірлескен және шетелдік компания құрылып, жұмыс істеп жатыр. Ішінде Қытай капиталының қатысуымен тіркелген 38 кәсіпорын бар. Олар мұнай-газды өңдеу, құрылыс және қайта өңдеу салаларында инвестициялық тартымдылықты арттырып отыр. «Қаржы құйып, халықты жұмыспен қамтимын, өндірісті дамытамын» деген инвесторлар үшін арнайы экономикалық аймақ бар,-деп атап өтті облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэй де екі өңір арасындағы ынтымақтастықты нығайту жұмысына дайын екенін жеткізді.

- Атырау облысы мен Ляонин өлкесінің ұқсастығы көп. Мұнай-химия, ауыл және балық шаруашылығы саласы бізге ортақ. Қос аймақтың өндірістік потенциалынан бөлек туризм, мәдениет сынды бірқатар бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз,- деді Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэй.

Бұл кездесудің өтуіне Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі қолдау көрсетті.

Айта кетейік, Ляонин провинциясы Қытай Халық Республикасының солтүстік-шығысында орналасқан. Оның құрамына 14 қала кіріп, жалпы халық саны 40 миллионнан асады.