Атырау қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Соның аясында Н.Оңдасынов көшесінде орналасқан КСС-Жилгородок және Азаттық даңғылы, 67-а мекенжайындағы КСС-40 кәріз сорғы станцияларында жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстары толықтай аяқталды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл жобалар Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысы бойынша жүзеге асырылды. Жауапты мердігер мекеме – “DAMU Qurylys Group“ ЖШС.
- Қайта жаңғырту барысында кәріз станциялары заманауи, автоматтандырылған, жоғары өнімді сорғы жабдықтарымен толық қамтамасыз етілді. Бұл шешім ағынды суларды үздіксіз әрі сенімді түрде айдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар басқару жүйесі автоматтандырылып, технологиялық процестердің тиімділігі мен қауіпсіздігі едәуір артты. Ауаға жағымсыз иістердің таралуын болдырмау мақсатында желдету және сүзгілеу жүйелері орнатылып, санитариялық-гигиеналық талаптарға сай жағдай жасалды. Бұған қоса апаттық жағдайлар үшін дизельді генераторлар орнатылып, электрмен үздіксіз қамтамасыз ету жолға қойылды,-деді Атырау Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының баспасөз хатшысы Амангүл Айтбай.
Жоба қала тұрғындарының тұрмыстық қолайлығын арттыруға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастама ретінде саналады.