«Ардагер аманаты» Атырау жастарына табысталды

«Ардагер аманаты» Атырау жастарына табысталды

Атырау қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жобаның негізгі мақсаты – ерлікпен ел қорғаған ардагерлердің аманатын жас ұрпаққа жеткізу, Отанға деген сүйіспеншілік пен елжандылықты дәріптеу, тарихи жадыны жаңғырту.

Республикалық эстафета Ақтөбе облысынан бастау алып, Батыс Қазақстан облысы арқылы Атырауға жетті. Кезекті іс-шарада Ақжайық өңірінің жастары «Өсиет хатты» атыраулықтарға салтанатты түрде табыстады.

Батыс Қазақстан облысы делегациясының құрамында Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шукеева және БҚО Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сәрсенбаев болды.

Іс-шара барысында Атырау облысы «Өсиет хатты» қабылдап, эстафетаны Маңғыстау облысына жолдады. Бұл хат – ардагерлердің ұрпаққа қалдырған рухани аманаты, ел болашағына деген сенім мен үміттің символы.

Нұрсұлтан Сәрсенбаев өз сөзінде мұндай жобалар жастардың бойында елдік рухты қалыптастырып, тарихи сабақтастықты сақтауға үлкен ықпал ететінін атап өтті.

– «Ардагер өсиеті» – жай ғана хат емес, бұл – батыр бабалардың үні, жас ұрпақтың санасына сіңетін асыл мұра. Эстафетаға қатысқан әрбір жас осы рухани аманатты жүрекпен сезініп, ел игілігі үшін еңбек етуге ұмтылады деп сенемін. Бұл бастама жастардың тарихи жауапкершілігін арттырып, ел болашағына деген көзқарасын қалыптастырады, – деді ол.

Жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында қолға алынған марафонды облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Оған 60-қа жуық жас қатысты.