«Казгидромет» РМК АОФ мәліметіне сәйкес, Пешной метеостанциясында бүгін сағат 08:00 –де батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 6 метр болған. Ал 19:00-де жел оңтүстік, оңтүстік-батыстан соғып, жылдамдығы 30 м/с-қа жеткен. Жел екпінінің күшеюі «Ақжайық» резерватындағы өрт аумағының ұлғаюына және оны сөндіруге кедергі келтіруде.
Қазіргі кезде өртеніп жатқан аумақта екпіні күшті желмен бірге шаңды дауыл соғып жатыр. Қою түтіннен қызыл жалынды көру мүмкін емес.
Сағат 18:00-дегі ақпарат бойынша қамыс өртенген аумақ 1510 гектарды құрады. 1460 гектардағы қызыл жалын өшірілді. Қазір жалғыз ошақ – шамамен 50 гектар жердегі өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Бүгін «Қазавиаспас» мекемесінің МИ-8 тікұшағы арқылы 12 тонна су төгілді.
Өртті сөндіруге 150-ге жуық адам мен 50-ге тарта техника жұмылдырылған.