Индер ауданында қазақтың тұңғыш бард ақыны, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор Табылды Досымовты еске алуға арналған еркін күрестен республикалық турнир ұйымдастырылды. Сайыс екі күнге жалғасады,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин, ақынның жары Қарлығаш Ибатова және Атырау облысы грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясының атқарушы хатшысы Саламат Шыныбеков, спорт ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
- Бүгінгі турнир ағамыздың өнерін бағалап, еске алу ғана емес, өскелең ұрпақтың бойына патриоттық рух ұялатудың, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырудың, ақынға деген құрметінің жарқын үлгісі. Мұндай додалар жас буынды елжандылық, табандылық пен отансүйгіштік қасиеттерге тәрбиелейді. Осы жарысқа қатысушы барлық палуанға сәттілік тілеймін,–деді Индер ауданы әкімінің орынбасары Артур Мурзин.
2010-2011 және 2013-2014 жылғы жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған турнирге Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облысы мен Астана қаласынан келген жас спортшылар қатысуда. 16 команда құрамындағы 280 жасөспірім бозкілем үстінде бағы мен бабын сынайды.