Атырауда өткен көшпелі отырыста батыс өңірін кешенді дамыту мәселелері талқыланды

Атырауда өткен көшпелі отырыста батыс өңірін кешенді дамыту мәселелері талқыланды

Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Атырау облысында болып, батыс өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі шұғыл шаралар жоспарын, «Ауыл аманаты» жобасын және бюджеттік жоспарлау саласындағы реформаларды іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.


Жиынға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Абдекәрімов, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков қатысты.


Жиында ҚР Бюджет кодексіне енгізіліп жатқан реформалар мен бюджеттік жоспарлауды Өңірлік стандарттар жүйесімен (ӨСЖ) ұштастыру мәселесі талқыланды. Бұл жүйе қаржыны инфрақұрылымдық алшақтығы көп өңірлерге бағыттауға мүмкіндік береді.


Мәселен, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында су бұру желілерінің, ал Атырау мен Маңғыстау облыстарында жылу желілерінің тозу деңгейі елдегі орташа көрсеткіштен жоғары. Барлық батыс өңірде электр желілері мен жолдардың айтарлықтай тозығы жеткені байқалады.


Вице-премьер инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлауда ӨСЖ көрсеткіштерін ескеріп, қаржы бөлу кезінде кенже қалған елді мекендерге басымдық берудің маңызын атап өтті.


«Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылдарды тұрақты дамыту мақсатында 2029 жылға дейін батыс өңірде 2,5 мыңнан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 26 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Қанат Бозымбаев әкімдіктерге 1 шілдеге дейін жоба скринингі нәтижелері бойынша ауылдық округтердің мамандануын айқындауды және халыққа шағын несие беру тетіктері бойынша түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ батыс өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі шұғыл шаралар жоспарының орындалуы бойынша есептер тыңдалды.
Вице-премьер жұмыс сапарының аясында «Атырау Су Арнасы» КМК, №5 сүзгі стансасында болып, Атырау қаласына кіреберіс жолдың құрылысы және кәріздік тазарту нысандарын қайта жаңғырту барысымен танысты.