Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірдегі медицина саласының дамуына үлес қосып, халыққа көмек көрсетуде аянбай еңбек етіп жүрген ақхалаттылар мен ардагерлерді марапаттады. Жиында облыс әкімі өзінің Алғыс хатын мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін дәрігерлерге табыстады. Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін ардагерлерге және сала қызметкерлерінің кеудесіне тақты. Іс-шара барысында 10 абзал жан салалық министрліктің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталса , 8 азамат «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Салтанатты іс-шарада сөз алған аймақ басшысы Атырауда дәрігерлерге жасалып жатқан жағдай мен медициналық нысандардың санын көбейту, оларды қажетті жабдықтармен қамту бағытында қолға алынған бірқатар іске тоқталды. Өткен жылы 557 маман тағылымдамадан өтті. Анығын айтқанда, олар ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығына, University Medicial Center корпоративтік қорына және Германияның клиникаларына барып, білімін жетілдіріп қайтты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің алдымызға ұлт денсаулығын жақсарту, халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмысты қойды. Бұл тапсырманы орындау – ортақ міндет.Осы абыройлы жұмысты атқаруда дәрігерлердің орны бөлек. Сіздер өздеріңізден бұрын өзгенін жағдайын бірінші орынға қойып, уақытпен, ауа-райымен санаспай қызмет етесіздер. Сондықтан сіздер адамзат үшін қадірлі мамандық иесісіздер. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға жетістік тілеймін. Халықтың денсаулығын жақсартып, сіздердің кедергісіз жұмыс істеулеріңіз үшін қолдан келген жағдайды жасап жатырмыз. Біздегі медицина саласына қатысты сын-пікір жиі айтылатыны белгілі. Осы орайда өңірдегі дәрігерлерің кәсіби біліктілігі өзгерелерден кем емес дегім келеді. Үлкен жұмыс атқарылып, саланың дамуына барлығы бір кісідей атсалысып жатыр. Мысалы 2023 жылмен салыстырғанда былтыр ана өлімі 45%-ға, сәби өлімі 23%-ға төмендеді. Әрине, бәрі бірден жақсы болып кетпейді, бұл бағытта қолға алынған барлық жұмыс жалғасын тауып жатыр,-деді С.Шәпкенов.
2023 жылы өңірге 150-ге жуық дәрігер жетіспейтін болса, былтыр бұл көрсеткіш 37%-ға азайды. Аймақта дәрігерлердің тапшылығы мәселесін шешу мақсатында бірретік үстемақы беру жұмысы қолға қойылды. Былтыр 159 маман 5-10 млн теңге аралығында қаржылай көмек алды. Олардың 41-і аудан орталықтарында және ауылдарда еңбек етуде. Ақхалаттыларды тұрғын үймен қамту бойынша өңірлік бағдарлама нәтижесін беруде. Жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз болатын несие алып, баспаналы болған дәрігерлердің саны 43-ке жетті. 2024 жылы 93 қызметтік пәтер сатып алынғанын айта кетейік. Биыл тұрғын үй бағдарламасы арқылы 60-қа жуық абзал жанды тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр.
Былтыр 17 медициалық нысанның құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді.№7 қалалық емхана күрделі жөндеуден өтті. Жылыой аудандық ауруханасында кардиологиялық орталық пен травмотология бөлімі ашылды.
Бүгінде Атырау қаласында «Нұрсая» және «Өркен» ықшам ауданында бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын емханалар, жедел жәрдем станциясы, облыстық онкологиялық диспансері жанында радиологиялық корпус салынып жатыр.
Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында 3 компьютерлік томография, 40 жедел жәрдем көлігі сатып алынды.