Атырау қаласында жаңа шығармашылық кеңістік — Atyrau Creative Hub өз жұмысын бастады. Жоба Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып отыр,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Atyrau Creative Hub — өңірдегі шығармашыл жастар мен кәсіби мамандарға арналған ортақ алаң. Хаб кітапхана, фотостудия, конференция залы және басқа да шығармашылық кабинеттермен жабдықталған.
Жобаның жетекшісі Нұрсұлтан Зиядаевтың айтуынша, Atyrau Creative Hub тек шығармашылық алаң емес, жаңа идеялар мен өңірлік ынтымақтастықты қолдайтын маңызды мәдени орталық.
- Жобаның басты мақсаты — Атырау жастарын қолдап, креативті индустрияның дамуына серпін беру. Хаб шығармашылықты, кәсіпкерлік, білім және жергілікті қауымдастықты дамыту бағыттарын қамтиды. Бұл бастама өңірдегі креативті индустрияны дамытуға және жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған,- деді Н. Зиядаев.
Ашылу салтанаты аясында жергілікті қолөнершілер мен шағын кәсіп иелерінің өнімдері ұсынылатын авторлық жәрмеңке, Атырау актерлері мен режиссерлері дайындаған ерекше музыкалық бағдарлама, BookCrossing және әдеби квиз Shyraq шығармашылық тобы ұйымдастырған кітап алмасу шарасы мен әдеби викторина ұйымдастырылды.