Атырауда Қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күніне орайластырылған «Таза Қазақстан — жасыл болашақ» атты экологиялық карнавал ұйымдастырылды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-шараны Атырау облысы бойынша Экология департаменті ұйымдастырды. Сонымен қатар Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «АтырауЭко» қоғамдық бірлестігі, мектеп оқушылары мен еріктілер де белсенді түрде атсалысты.
— Жалпы мақсат — өскелең ұрпақтың экологиялық сауаттылығын арттыру. Шара барысында балаларға интерактивті форматта тұрмыстық қалдық түрлерін сұрыптау және дұрыс жою жолдары түсіндірілді. Қоқысты қағаз, пластик, шыны және органикалық қалдықтар деп бөліп жинау қоршаған ортаға түсетін зиянды азайтып, қайта өңдеуге мүмкіндік береді,— деді Облыстық экология департаменттінің басшысы Асқар Жүсіпов.
Балалар өздеріне арнап ұйымдастырылған шығармашылық тапсырмалар арқылы түрлі-түсті бормен асфальтқа сурет салып, табиғатты қорғау туралы өз идеяларымен бөлісті. Жиын соңында мерекелік жәрмеңке өтіп, қатысушылар Балаларды қорғау күнімен құттықталды. Белсенділік танытқан оқушыларға тәтті сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді.