Атырауда «Халық заңгері» акциясы аясында 400-ден астам азамат тегін құқықтық көмек алды

Атырауда «Халық заңгері» акциясы аясында 400-ден астам азамат тегін құқықтық көмек алды

Облыста ҚР Әділет министрлігінің бастамасымен халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заң көмегін көрсету мақсатында «Халық заңгері» кең ауқымды республикалық акциясы ұйымдастырылды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Акция аясында Атырау қаласы мен жеті аудан орталығында арнайы кеңес беру алаңдары құрылып, 400-ден аса азамат кәсіби құқықтық көмек алды.

— «Халық заңгері» акциясы ҚР Үкіметінің 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес өткізіліп жатыр. Мақсат – халыққа тегін құқықтық көмек көрсету. Бұған дейін алыс ауылдарға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Қазір акция Атырау облысы бойынша да кең ауқымда жүзеге асуда,-деді облыстық Әділет департаменті басшысының м. а. Гүланда Қыстаубева.

Тұрғындар заңгер, адвокат, прокурор, полиция департаментінің өкілдері, нотариус, сот орындаушылар, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасы мен түрлі сала қызметкерлерінің кеңесіне жүгінді. Мамандар азаматтардың тұрғын үй, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, қаржы, жер және мүлікке қатысты даулар, отбасылық және алименттік сипаттағы мәселелер бойынша сұрақтарға жан-жақты жауап берді.