Тайсойғандықтарда ұлы той: Миялыға апаратын жолдың құрылысы аяқталуға жақын

Тайсойғандықтарда ұлы той: Миялыға апаратын жолдың құрылысы аяқталуға жақын

Қызылқоға ауданында Тайсойған-Миялы бағыты бойынша салынып жатқан ұзындығы 45,8 шақырым жолдың құрылысы биыл толықтай аяқталады. Тасжол қазірдің өзінде тұрғындардың игілігіне берілген. Тайсойғандықтар үшін бұл — тарихи оқиға. Өйткені осыған дейін аудан орталығына қатынайтын жолдың жайы оларды әбігерге салған еді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, жол құрылысы 2023 жылдың қазан айында басталған. Жоба аясында биіктігі 15 см болатын екі қабат асфальт төселген. Сонымен қатар жол бойында төрт жерден мал өткелі мен су құбыры орнатылған. Қазір жолдың жиегін бекіту, жол белгілерін орнату және жолақ сызу жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл тұрғындары бұл жаңалықты зор қуанышпен қабылдады. Жалпы саны 900-ге жуықтайтын тайсойғандықтар бұрын аудан орталығына жол талғамайтын арнайы көліктермен ғана қатынайтын. Ал қыста азық-түлікті тікұшақпен тасыған кездер де болыпты.

— Тайсойған ауылдық округіне жол салынғанына қатты қуанып отырмыз. Ауыл жастары жеңіл көлік мініп, жолдың игілігін көріп жатыр. Бұл ауылдың дамуына, жастардың жұмыспен қамтылуына зор серпін береді, — дейді ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қанатқали Кәрімов.

Мердігер мекеме «АссанаДорСтрой» компаниясының өкілі Салих Ысқақовтың айтуынша, құрылыс 2025 жылдың қыркүйегінде толығымен аяқталады.

Жолдың тиімділігін ауыл кәсіпкерлері де көруде. Бұрын Миялыға жету үшін 2-3 сағат уақыт кетсе, қазір аудан орталығына небәрі 40 минутта жетуге болатынын айтады.

Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, енді Миялы мен Сағыз ауылының арасындағы 120 шақырымдық жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.