
Атырауда алғаш рет гидтерге арналған 10 күндік тегін курс ұйымдастырылып, нәтижесінде 20 маман арнайы сертификатқа ие болды. Оқу бағдарламасы Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының қолдауымен, “Atyrau Visit” туристік ақпараттық орталығының бастамасымен жүзеге асты,– деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оқу курсы Дүниежүзілік туристік гидтер қауымдастықтары федерациясының (WFTGA) әдістемесі негізінде өткізілді. Қатысушылар теориялық білім алып қана қоймай, тәжірибесін де шыңдады.
Курсқа қатысқан 24 адамның ішінен қорытынды емтиханнан сүрінбей өткен 20 адам ресми түрде гид-экскурсовод атанды.
Жаңа сертификат иегерлерінің бірі – Гүлжан Хиту. Бұған дейін психолог болып жұмыс істеген ол гид курсы ашылғанын естіп, бірден қатысуға шешім қабылдаған.
— Гид – қалаға келген туристерге немесе жергілікті тұрғындарға тарихи-мәдени нысандарды таныстырып қана қоймай, экскурсия барысында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маман. Мен бұл курстан көптеген жаңа ақпарат алып, гид болудың барлық қыр-сырын меңгердім,– дейді Гүлжан Хиту.
Сондай-ақ ол гид болу жолындағы алғашқы қадамына риза екенін айтып, бұрынғы мамандығы – психолог ретіндегі тәжірибесі бұл салада да үлкен көмек болатынын жеткізді.
- Экскурсия жүргізу барысында әртүрлі адамдармен тіл табыса білу, олардың көңіл-күйін сезу және дұрыс бағыт беру — гид жұмысының маңызды бөлігі. Адам психологиясын түсіну – туристермен оңай байланыс орнатып, әсерлі экскурсия ұйымдастыруға сеп болады, – деді гид.