
Теңіз кен орнында жаңа Конституция бойынша референдумда дауыс беру қарқынды жүріп жатыр.
Барлық ниет білдірген азаматтардың дауыс беруіне мүмкіндік жасау үшін кен орны аумағында 6 орында 8 уақытша дауыс беру учаскесі ашылды. Қызметкерлер өздеріне ыңғайлы учаскені таңдап, өндірістік процестен қол үзбей дауыс бере алады.
Сонымен қатар, кен орнында қызметкерлерді сайлау учаскелеріне жеткізу үшін автобустар қатынап жатыр.
«Теңіз кен орнында референдум өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Сайлау комиссияларымен бірлесіп кен орны аумағында уақытша дауыс беру учаскелері ұйымдастырылды, сондай-ақ оларға ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қарастырылды. Бұл қызметкерлерге белгіленген тәртіпке сәйкес дауыс беруге мүмкіндік береді», – деді «Теңізшевройл» ЖШС Жұртшылықпен және үкіметпен байланыс бөлімінің бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаев.