2028 жылға дейін 8 тауарлы балық өсіру жобасы мен бір балық өңдеу зауытын жаңғырту жоспарланып отыр

2028 жылға дейін 8 тауарлы балық өсіру жобасы мен бір балық өңдеу зауытын жаңғырту жоспарланып  отыр

Бүгінде балық шаруашылығымен айналысатын 18 субъектіге 31 учаске бекітілген. Тағы 27-сі резервте тұр. Олардың 18-і Каспий теңізінде, қос учаске Жайық өзенінде және жетеуі Қиғаш өзенінде орналасқан.

Бұл салада шамамен 4 мың адам жұмыс істейді. Олардың 650-і тұрақты, ал 3200-ден астамы маусымдық негізде тартылған.

Биыл өңірде 374 тонна тауарлы балық өсіріліп, 1120 келі уылдырық өндірілді. Сонымен қатар 2025 жылғы көктемгі маусымның бастамасынан бүгінге дейін 623 тонна балық ауланған.

Қазіргі таңда бес балық өсіру субъектісі жұмыс істеуде. Оның біреуі 2024 жылы іске қосылса, екеуі 2023 жылы пайдалануға берілді. 2023 жылдан бастап жаңа үш кәсіпорын іске қосылып, 24 жұмыс орны ашылды.

2028 жылға дейін сегіз тауарлы балық өсіру жобасы мен бір балық өңдеу зауытын жаңғырту жоспарда бар. Жобаларды «Абдолов», «А-Дана», «Сәт», «Жумағалиев Н.М.», «Сағиев», «2023» шаруа қожалықтары, сонымен қатар «Абылайхан» ЖШС, «СевКаспийФиш» ЖШС жүзеге асырады. Бұл жобалар аясында Шортанбай балық зауытын жаңғырту және тоған шаруашылықтарын дамыту қарастырылған.

Былтыр 8000 тоннадан астам балық өңделіп, оның 395 тоннасы терең өңдеуден өткізілді. 4 900 тоннаға жуық өнім Ресей, Әзірбайжан, Украина, Израиль, Грузия, Германия, Польша және Словакия елдеріне экспортталды. Сондай-ақ Жайық-Каспий бассейнінен ауланған 10 мың тоннадан астам балықтың 6000 тоннасы көктемгі, ал 4 000 тоннасы күзгі балық аулау маусымында алынғанын да айта кетейік.