Мемлекет басшысының спорттық инфрақұрылымды тиімді дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес сенімгерлік басқаруда болған үш ірі спорт нысаны, яғни, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мұз айдыны және "Атырау" облыстық футбол командасы" ЖШС мемлекет меншігіне қайтарылды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Енді бұл нысандар облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының тікелей бақылауында болады.
— Бұл өзгеріс өңірдегі спорт саласының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ спорттық нысандардың қызмет сапасын жақсартуға жол ашады. Мемлекеттік бақылауға өткеннен кейін осы мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, қызмет сапасын көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар бұл нысандар халық үшін бұрынғыдан да қолжетімді болмақ,- деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықов.
Мемлекет меншігіне қайтарылған спорттық нысандарда балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін үйірмелер мен спорт секциялары тұрақты түрде жалғасады. Сонымен қатар сенімгерлік басқарудағы “Орталық жүзу бассейнін” мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да басталды.