
Атырауда Ұлттық спорт күні кең көлемде атап өтілді.
20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай Атырау облысында ауқымды мерекелік және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының ұйымдастыруымен Исатай-Махамбет алаңында ұлттық спорт түрлерінен тартысты бәсекелер өтті. Атап айтқанда, қазақ күресі, асық ату, арқан тартыс, ләңгі тебу, қой көтеру және «Толағай алыптар» сайысы ұйымдастырылып, алты спорт түрі бойынша 500-ге жуық спортшы мен қала тұрғындары қатысты.
Іс-шара барысында ұлттық дәстүрді дәріптеуге ерекше мән беріліп, алаңда қолөнер шеберлерінің қатысуымен көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды. Сонымен қатар, өңір өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылып, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бұдан бөлек, Ұлттық спорт күні аясында облыстағы алты спорт мекемесінде ұлттық ойындардан бұқаралық-спорттық шаралар өткізіліп, тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Жалпы, мерекелік іс-шараларға 3000-ға жуық тұрғын қатысты. Сондай-ақ, облысқа қарасты 7 ауданда ұлттық спорт түрлерінен 161 бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды.
Ұлттық спорт күні – халқымыздың мәдени мұрасын жаңғыртып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды мереке. Аталған шаралар ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге зор ықпал етеді.