Қандастарды қабылдаудың квотасына енген қандастарға төлемдер беріледі

Қандастарды қабылдаудың квотасына енген қандастарға төлемдер беріледі

«Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2025 жылға арналған өңірлік квотасын облыстар арасында бөлу туралы» Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 511 бұйрығына сәйкес Атырау облысы қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізіліп, 100 бірлікте квота бөлінді.

Бұл ретте, «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде көшіру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы бойынша өтініштері негізінде қандастарды қабылдау квотасына енген қандастарға келесі төлемдер беріледі:

- көшуге арналған субсидиялар отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде;

- тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу жөніндегі шығыстарды өтеу ай сайын, 12 айдан көп емес тұрғын үй алғанға дейін мынадай мөлшерлерде өтеледі:

1) қалалық жерге қоныс аударғандар үшін:

бір адам үшін 20 АЕК мөлшерінде;

отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 25 АЕК мөлшерінде;

отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 30 АЕК мөлшерінде төленеді;

2) ауылдық жерге қоныс аударғандар үшін:

бір адам үшін 15 АЕК мөлшерінде;

отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК мөлшерінде;

отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 21 АЕК мөлшерінде төленеді;

Сонымен қатар, экономикалық мобильділік сертификаты беріледі. Ол – тұрғын үй сатып алу, салу немесе ҚР Ұлттық Банкі және (немесе) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарымен бекітілген ипотекалық бағдарлама, оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамалары шеңберінде, сондай-ақ қаржы институттарын ипотекалық кредиттеу құралдары және тұрғын үй құрылыс жинақтарының жүйесі шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарна үшін ақшалай төлем түріндегі материалдық көмек.

Экономикалық мобильділік сертификаты қандастарға немесе қоныс аударушыларға қабылдау өңіріндегі тұрақты тұратын елді мекенде тұрғын үй сатып алу кезінде беріледі және тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде, бірақ 1 160 АЕК-тен аспайды.