«Еңбек жолы» конкурсына қатысайық!

«Еңбек жолы» конкурсына қатысайық!

«Еңбек жолы» конкурсына қатысайық!

 «Еңбек жолы» конкурсы Тұңғыш Президент-Елбасының «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» және «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақалаларын іске асыру шеңберінде өткізіледі және үздік еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлерін айқындауға бағытталған.

 «Еңбек жолы» конкурсын өткізудің мақсаты- ұрпақтар сабақтастығын сақтау, еңбек адамдары туралы оң қоғамдық пiкiр қалыптастыру және жаңа еңбек әулеттерін құру үшін кәсіпорындар мен ұйымдарда жағдайлар жасау, қазақстандықтарда  Қазақстан Республикасы   экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан отандастарының жетістіктері үшін мақтаныш сезімін тәрбиелеу және «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы»  аясында еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыру және еңбек өнімділігін ынталандыру.

Конкурс жыл сайын 2 (екі) кезеңде өткізіледі: өңірлік және республикалық.

Конкурсқа мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, саласына қарамастан кәсіпорындардың барлық қызметкерлері  қатыса алады.

Конкурсқа қатысушылар ұсынған материалдар негізінде конкурс жеңімпаздарын анықтау жөніндегі республикалық және өңірлік комиссиялар мынадай номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтайды:

1) «Үздік еңбек әулеті» - бұл номинацияда ең ұзақ еңбек өтілі, ең көп марапаттары бар әулет таңдалады.

Еңбек әулеті – бір отбасының жақын туыстарының екі және одан да көп ұрпағы болып табылатын (ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі балаларымен немесе немерелерімен), қазіргі уақытта еңбек қызметін жүзеге асыратын және осы кәсіпорында жиынтық жұмыс өтілі кемінде 20 жыл болатын бір ұйымның жұмыскерлер тобы. Еңбек қызметін бәрінен бұрын бастаған еңбек әулетінің өкілі әулеттің басшысы болып танылады.

Еңбек әулеті ауылдың, ауданның (қаланың, облыстың) қоғамдық өміріне белсенді қатысуға, жастарды кәсіптік бағдарлауға жәрдемдесуге, өз кәсібін насихаттауға тиіс.

2) «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» - бұл номинацияда кемінде 20 жыл жұмыс өтілі бар ең жоғары тиімді тәлімгер таңдалады;

3)  «Өндірістің үздік жас маманы» - бұл номинацияда жұмыс өтілі                     5 жылдан аспайтын ең белсенді және еңбекқор өндіріс жұмыскері таңдалады.

Конкурсты өткізу мерзімдері:

  • 2023 жылғы 1 шілдеге дейін мерзімде - қалалық, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдері үміткерлерден өтінімдерді қабылдау;
  • 2023 жылғы 1 тамызға дейін облыстық комиссияның шешімімен конкурстың өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын айқындау;
  • 2023 жылғы 10 тамызға дейін одан әрі республикалық деңгейге қатысу үшін Еңбекминіне конкурстың өңірлік кезеңі жеңімпаздарының материалдарын
    жіберу;
  • 2023 жылы қазан – қорытындылау, жеңімпаздарды марапаттау.

Конкурстың республикалық кезеңінің жеңімпаздарына тиісті диплом және ақшалай сертификаттар беріледі:

- 1 орын үшін – 1 000 000 (миллион) теңге;

- 2 орын үшін – 500 000 (бес жүз мың) теңге;

- 3 орын үшін – 200 000 (екі жүз мың) теңге.

Конкурсқа қатысушылар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына екі данада қағаз және электрондық жеткізгіштерде келесі материалдарды ұсынады:

  • 1) номинация көрсетілген, еркін нысандағы конкурсқа қатысу туралы өтінішті;
  • 2) жеке куәліктің көшірмесі;
  • 3) номинация тақырыбы бойынша 1-2 минуттан аспайтын бейнероликті (қалауы бойынша жұмыс орны және дағдылары көрсетілген);
  • 4) конкурсант туралы (жұмысы, отбасы, қызығатын ісі, хоббиі және т.б.) 1 минуттан аспайтын компьютерлік презентация (Microsoft Power Point форматында);
  • 5) еңбек әулетінің әр өкілінің немесе жұмыскердің жұмыс өтілін растайтын, жұмыс беруші куәландырған еңбек кітапшасының және өзге де құжаттардың көшірмелері (жұмыс орнынан анықтама);
  • 6) жұмыс берушіден немесе кәсіподақтан ұсыным хат.

Бар болған жағдайда (келесі құжаттардың көшірмелері):

  • мемлекеттік немесе ведомстволық наградалардың, грамоталардың, алғыс хаттардың көшірмелері;
  • біліктілікті арттыру туралы сертификаттар (бар болса).

Конкурсқа құжаттар мемлекеттік немесе орыс тілдерінде ұсынылады.

Барлық ниет білдірген тұрғындарды және барлық меншік нысанындағы ұйымдардың еңбек ұжымдарын аталған конкурсқа қатысуға шақырамыз.

Толық  мәлімет пен кеңес Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында, мекен-жайы: Атырау қаласы, Азаттық даңғылы 31А, тел.8(7122)322774, облыс әкімдігінің интернет- ресурсында: gov.kz немесе қалалық, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдеріне  хабарласып алуыңызға болады.