Астанада «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары мен еңбек адамдарын марапаттау рәсімі өтті

Астанада «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары мен еңбек адамдарын марапаттау рәсімі өтті

       Астана қаласында Президенттік орталықта Еңбек күніне арналған «Еңбек – ел мұраты» республикалық форумы өтті.

       Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі елімізде «Еңбек күні» ретінде белгіленген.

       Бұл – күнделікті қажырлы еңбегімен еліміздің дамуына үлес қосып жүрген адал азаматтарды ұлықтайтын, еңбек құндылығын дәріптейтін айрықша мереке.

       Форумға жиналған азаматтарды әртүрлі кәсіп пен өңір ғана емес, өз ісіне ондаған жыл бойы адалдық танытқан еңбек жолы біріктірді.

       Шара аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан түрлі мамандық өкілдеріне мемлекеттік марапаттар табысталды.

       Олардың қатарында Атырау облысынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен:
        - Орынбасар Құжантаев – «АтырауНефтеМаш» ЖШС газ кескіші, еңбек өтілі – 44 жыл;

  • Мұрат Сабитов – «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС машинисі, еңбек өтілі – 44 жыл.

       Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2016 жылдан бері еңбек әулеттері мен өндіріс жұмысшыларының арасында «Еңбек Жолы» республикалық конкурсын ұйымдастыруда. Оның басты міндеті – еңбек адамдары жайлы оң қоғамдық пікір қалыптастыру және кәсіпорындар мен мекемелерде жаңа еңбек әулеттерінің қалыптасуына жағдай жасау болып табылады.

       Аталмыш конкурс жыл сайын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас маманы» атты номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтап, марапаттайды.

       Форумда «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

       Облысымыздан «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Кошбағанбетовтер әулеті республика деңгейде 3-ші орынды иеленді.

       Конкурс жеңімпаздарын салтанатты түрде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Дипломмен марапаттап, сыйлықтар табыстады.