«Күн» инклюзивті театры жаңа репертуардың тұңғыш туындысын сахналады

«Күн» инклюзивті театры жаңа репертуардың тұңғыш туындысын сахналады

М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық Қазақ драма театрында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Бала күннің бояуы» атты театрландырылған концерт өтті. Ерекше қойылымды «Мен бармын!» қоғамдық қорының күн сәулелі балалары ұсынды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жоба 16 жастан асқан Дауна синдромымен туған балаларды өнер мен театр арқылы қоғамға бейімдеуге бағытталған. Бүгінде инклюзивті театрда ерекше қажеттілігі бар 14 бала өнер көрсетуде. Олар тек сахнада емес, әлеуметтік желіде де белсенді. Күн сәулелі балалардың TikTok желісіндегі қойылымдары миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленіп үлгерген.

Концерт бағдарламасы түрлі жанр мен бағытты қамтыды. Көрермендер ретро стильдегі және заманауи биді, үнді фильмінен үзіндіні, этно-фэшн сән көрсетілімі мен патриоттық әндерді тамашалады.

«Күн» инклюзивті театр жобасының авторы, 2024 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасы аясында жеңіске жеткен Әнел Маратова басты мақсатының ерекше балалардың да өнер арқылы өз орнын таба алатынын дәлелдеу екенін жеткізді.

- Олар – күн сияқты жарық шашып тұрған жандар. Бүгінгі қойылым – соның жарқын дәлелі. Мен әр балаға сенемін және олардың қабілетін ашуға мүмкіндік беретін осындай жобалардың көбейгенін қалаймын», – деді ол.

Шара барысында режиссерлер Гүлнұр Саясат пен Мейрамгүл Ержанқызы, хореографтар Мөлдір Алпамысқызы мен Мөлдір Еркебаева сынды шығармашылық топ мүшелері Алғыс хаттармен марапатталды. Концерт соңында сахнаға шыққан әрбір бала жеке таныстырылып, сыйлықтар мен гүл шоқтарына ие болды.