Жоба барысында қатысушы 13 командаға білім саласындағы 3 өзекті мәселені шешуге бағытталған IT жобаларын небәрі 24 сағат ішінде жасау бойынша тапсырма берілді.
Қатысушыларға бағыт-бағдар беру мақсатында арнайы шақырылған республикалық деңгейдегі сарапшылар - Тимур Бектұр және Данабек Қалиаждаров шеберлік сағаттарын өткізіп, командаларға құнды кеңестерімен бөлісті.
Бүгін жобаның екінші күнінде үздік командалар анықталып, жоба қорытындыланды. Атап айтсақ, «Default team» командасы – І орын, 700.000 теңге иеленді. Олар оқыту жүйесін оңтайландыруға арналған платформа жасау кейсі бойынша Oi-Canvas платформасын жасақтады. Бұл оқушыларға өз ойлау жүйесін визуализациялауға, ал мұғалімдерге оқушылардың жетістіктерін нақты уақытта бақылап, талдауға мүмкіндік беретін жасанды интеллектке негізделген интерактивті білім беру платформасы.
Ал, ІІ орын мен 500.000 теңге иемденген «Bilim Forcе» - оқытушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған қосымша жасау кейсі бойынша, команда «Pro Mentо» өнімін ұсынды. Бұл қосымшада мұғалімдер өзіне қажетті ақпарат пен әдістемелік ресурстарды алауға және мұғалім «диагностика» батырмасын басу арқылы өзінің кәсіби деңгейін анықтауға мүмкіндік беріледі.
Түлектерге арналған кәсіптік бағдар беру платформасы жасау кейсі бойынша «Pathfinder» жобасын дайындаған «Mango» командасы – 3 орынмен марапатталып, 300.000 теңге ие болды. Бұл абитуриенттің колледждер мен университеттердегі сабақтарға қашықтан, нақты уақыт режимінде қатысуына және бақылауына мүмкіндік беруіне негізделген бағдарлама.
Жеңімпаз командалар өз жобаларын 1,5 ай ішінде толық жүзеге асыруы тиіс.
Айтып өткеніміздей, жобаға 105 өтінім қабылданып, оның ішінен 52 қатысушы (13 команда) іріктеуден өткен болатын.