Атырауда нашақорлық пен ойынқұмарлықтың алдын алу бойынша қоғамдық тыңдалым өтті

Атырауда нашақорлық пен ойынқұмарлықтың алдын алу бойынша қоғамдық тыңдалым өтті

Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Ақсұңқар» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Нашақорлық және ойынқұмарлықтың алдын алуды жүзеге асыру» кешенді іс-шаралар жобасы бойынша қоғамдық тыңдалым өтті.

Іс-шараға Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы, Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, облыстық психикалық денсаулық орталығы, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы, білім беру басқармасы өкілдері, сондай-ақ облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері мен блогерлер қатысты.

Жобаның басты мақсаты – құқық қорғау органдары, қоғамдық көшбасшылар, белсенділер, танымал спортшылар, еріктілер мен блогерлерді тарта отырып, «Тәуелсіз өмір» қозғалысын құру.

Бұл бастама қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруге, тәуелділіктің алдын алуға және тиімді шешімдер ұсынуға бағытталған.

Қоғамдық тыңдалым барысында қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, нашақорлық пен ойынқұмарлыққа қарсы күресте бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Идеялар мен бастамалар талқыланып, алдағы уақытта іске асырылатын іс-шаралар жоспары таныстырылды.

Айта кетейік, аталмыш жоба жастардың жарқын болашағы үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі.