Атыраудан Ақтөбе облысына 8 тонна гуманитарлық көмек жіберілді

Атыраудан Ақтөбе облысына 8 тонна гуманитарлық көмек жіберілді

29 наурыз күні Атырау облысы әкімдігінің тапсырмасымен қаламызда гуманитарлық көмек көрсету пункты ашылған болатын. Іс-шара жауын суынан келген залалға қосымша жәрдемдесу мақсатында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің №2 жатақханасында жүргізілді.

Онда 8 тонна болатын азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық құралдар мен тұрмыстық заттар жинақталып, Атырау қаласынан 1 сәуір күні екі жүк көлігі арқылы көршілес облысқа жеткізілді.

Республикалық «Күшіміз – бірлікте» акциясы негізінде еліміздің жауын суынан зардап шеккен өңірлеріне жәрдемдесу үшін жүзеге асырылған қайырымды іске облыс бойынша 200-ге жуық волонтерлер, жастар, қоғам белсенділері және қала тұрғындары атсалысты.

Қиын-қыстау кезде біртұтас бірлігімізді көрсету – азаматтық борышымыз. Акция барысында демеушілік білдірген кәсіпкерлерге, жергілікті компанияларға, волонтерлық топтарға және тұрғындарға  алғысымызды білдіреміз!