Өңірде «Атырау волонтерлік корпусы» жобасын іске асыру жоспарлануда

Өңірде «Атырау волонтерлік корпусы» жобасын іске асыру жоспарлануда

Бүгінде Атырау облысы Ішкі саясат басқармасымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Атырау волонтерлік корпусы» жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Жобаның мақсаты - жастар арасында волонтерлік қызмет дағдыларын, әлеуметтік практика саласындағы жобалық қызмет құзыреттерін және тұтастай алғанда белсенді азаматтық ұстанымды дамыту.

- Жоба аясында өңірдің белсенді волонтерлерімен дөңгелек үстелдер және олардың арасында сауалнама жүргізу, сондай-ақ өңірдегі волонтерлік топтармен кездесулер ұйымдастырылады. Сонымен бірге волонтерлерге арналған екі күндік күзгі лагерді ұйымдастыру және волонтерлікке тарту мақсатында бейнематериалдар дайындау жұмысы жүзеге асырылатын болады, - деді облыстық Ішкі саясат басқармасының «Азаматтық орталығы» КММ ұйымдастыру бөлімінің маманы Ақбөбек Тәттібекқызы баспасөз брифингінде.

Айта кетейік, ҚР волонтерлікті дамыту мен қолдаудың 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы негізінде Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығы КММ өңірде бірнеше жұмыстарды іске асырады. Атап айтсақ, 2021 жылдан бері «Демеу» облыстық конкурсы ұйымдастырылып келеді. Онда волонтерліктің 12 бағыты бойынша бірқатар жоспарды жүзеге асыру көзделген.

Сонымен бірге өткен жылы жүзеге асырылған «Күміс волонтер» жобасы биыл да орталықтың ұйымдастыруымен жоба өз жалғасын табатын болады. Жобаның басты мақсаты – өңірдегі күміс волонтерлікті дамыту және 50 жастан асқан волонтерлердің жұмыстарын ілгерілету бойынша жұмыстар атқару. Оның ішінде өңірдегі қарттар үйінің, балалар үйінің және бейімделу орталықтарының қызметкерлерімен бірлесе отырып бірқатар іс-шараларды жүргізу жоспарлануда.