Атыраулықтар ақын, жазушы Мұхтар Шахановпен кездесті

Атыраулықтар ақын, жазушы Мұхтар Шахановпен кездесті

Атырауда Қазақстанның халық жазушысы, ақын, драматург, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шахановпен кездесу үшін бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды.

Атап айтсақ, 3 наурыз күні Yemaa заманауи шығармашылық орталығы «Oqyrman» кітапсүйерлер клубының ұйымдастыруымен «Оқырман қорытынды кездесуі» өтті. Іс-шарада қатысушылар Мұхтар Шахановпен сұхбаттаса отырып, ақын өлеңдерін оқыды және интеллектуалды ойындар өткізіліп, Жыл оқырмандары марапатталды.

Сонымен қатар облыстық Ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы “45 минут” жобасы аясында ақынмен жас ұстаздардың кездесуін ұйымдастырды. Кездесу кешінде өскелең ұрпақтың бойына ұлтшылдық, отаншылдық, тілге құрмет қасиеттерін дарытатын ақын шығармаларын оқушыларға тікелей дәріптейтін Қазақ тілі және әдебиеті пәні ұстаздары қатысты.

4 наурыз күні облыстық Ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығының және Д.Қонаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен 300 оқушыны қамтыған әдеби кездесу өтті.

Ақын кеш барысында жастарға туған өлкесі, балалық шағы мен отбасы және поэзияға алғашқы қадамы туралы айтып берді. Сондай-ақ өмірдегі, өнердегі достары Ш.Қалдаяқов, Т.Айбергенов, Ш.Айтматов, Р.Гамзатовтар жайлы естеліктерімен бөлісіп, көрерменге жалынды жырларын оқыды. Жиын оқушылардың музыкалық спектаклімен аяқталды.

Айта кетейік, аталмыш іс-шаралар Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат бере отырып, ақын жырларының құдіретін сезіну, тіл шұрайын таныту, тарихи шындықты, сөз өнерімен өрнектелген әсемдікті түйсіне білуге жастарды баулу мақсатында ұйымдастырылды.