1 наурыз - Алғыс айту күніне орай Атырау облысы ҚХА мәжілісі өтті

1 наурыз - Алғыс айту күніне орай Атырау облысы ҚХА мәжілісі өтті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық тобының жиналысы өтті. Жиында атаулы күннің жалпыұлттық бірлік пен этносаралық келісімді нығайтудағы маңызы туралы айтылды.

Дөңгелек үстел Алғыс айту күніне орай тарихи отанына қайта оралған қандастармен және ХХ ғасырдағы қуғын-сүргін жылдарында жер аударылған этностардың ұрпақтарымен кездесу, өзара пікір алмасып, естеліктерімен бөлісу мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараға аталған оқу орнының ректоры Саламат Идрисов, «Хиуаз» қоғамдық бірлестігінің басшысы Шахарман Ерсейітова мен өңірдегі этномәдени бірлестіктердің төрағалары және студенттер қатысты.

Жиында «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Зелимхан Зубариев қиын-қыстау кезеңде өзге ұлт өкілдерін бауырына басқан, бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп келе жатқан қазақ халқына «Қазақ халқы өте қонақжай. Олардың кеңпейілділігі мен бауырмалдығына ризамын. Қазақтың жері де, жүрегі де кең» деген ізгі тілегін білдірді.

Кеңейтілген кеңесте облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа құрамы бекітіліп, 2024 жылға арналған іс-шаралары мен жұмыс жоспары таныстырылды.