Атыраулық азаматтық қоғам белсенділері марапатталды

Атыраулық азаматтық қоғам белсенділері марапатталды

«Бүгін бір топ атыраулық мемлекеттік емес ұйымдардың жетекшілері марапатталды».

ІХ Қазақстан азаматтық форумы руспубликалық деңгейде онлайн форматта өтті. Форумда Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева азаматтық қоғамның дамуы туралы баяндама жасады.

Өңір бойынша аталған форумға аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері онлайн түрде қатысты. Жиында азаматтық қоғамның қазіргі таңдағы ел әлеуеті үшін алар орны мен атқарылған жұмыстары екшелді. Форумда Атырау облысы атынан «Маленкая страна» балаларды оңалту қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ерлан Күмісқалиев сөз сөйлеп, өз көзқарасы мен ұсыныс-пікірлерін білдірді.

«Қоғам мен мемлекет бірлесіп еңбек етіп келеді. Мемлекет тарапынан қолдаулар аз емес. Осы тұрғыда «Маленкая страна» қоғамдық бірлестігінің жетістіктерінің де бар екендігін айтқым келеді. Бізде спорт жеңімпаздары да шығып жатыр, тәрбиеленушілер арасынан чемпиондарымыз бар екендігін мақтанышпен айта аламыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бізге қолдау білдірушілерге, әкімдікке алғысымды білдіремін. Біз әлеуметтік даму үшін тек кәсіпкерлік тетіктерін ғана пайдаланып келеміз. Егер мемлекет бізге сенім білдірсе, әлі де өзімізді дамыта отырып, көптеген жетістіктерге жететінімізге сенемін»,- деді «Маленкая страна» балаларды оңалту қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ерлан Күмісқалиев.

Шара соңында облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова аймаққа елеулі үлес қосып жүрген қоғамдық ұйым жетекшілерін марапаттады. Олардың қатарында «Атамекен Эко» қоғамдық қорының жетекшісі Арман Хайруллин, «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлбарам Ермұханова, «Шаңырақ 2008» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлнар Кисманова, «Атырау Рауан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әсет Өтеғалиев, «Өмір гүлі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тыныш Джакупова, «Төртінші билік» Атырау журналистер одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Альфия Адиева бар.