«DIGITAL QAUIPSIZDIK» - интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша форум өтті

«DIGITAL QAUIPSIZDIK» - интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша форум өтті

Атырауда жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу, жеке деректерді қорғау мәдениетін қалыптастыру және заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалануды түсіндіруге бағытталған форум өтті.

Іс-шараға 500-ге жуық адам – студенттер, жастар, жас спортшылар, ата-аналар, ардагерлер, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері, сала мамандары және қоғамдық орта өкілдері қатысты.

Форумның ашылуында Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ердос Ғаниұлы Әбдісаттаров пен Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ғалым Мейрамғалиевич Байжанов сөз сөйлеп, цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Арнайы спикерлік сессияларда интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен одан қорғану жолдары, банк карталары мен цифрлық төлемдерді қауіпсіз пайдалану, сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін жауапкершілікпен қолдану мәселелері қамтылды.

Сонымен қатар фойеде хакатон жеңімпаздарының жобалары, Цифрландыру басқармасының цифрлық жобалары және банк өкілдерінің цифрландыру саласындағы жобалары таныстырылды. Қатысушыларға робот-полицияның мүмкіндіктері көрсетіліп, оның жұмыс істеу ерекшеліктері таныстырылды.

Форум барысында жастар цифрлық ортадағы қауіпсіздік, интернет-алаяқтықтан қорғану, жеке деректерді сақтау және жаңа технологияларды саналы әрі жауапкершілікпен пайдалану бойынша пайдалы ақпарат алды.