
Атырауда «Saraishyq Upgrade-2026» халықаралық жастар форумы басталды. Ол биыл алтыншы мәрте өткізіліп отыр. Форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан және Грузиядан 14 пен 35 жас аралығындағы 300-ден астам қатысушы жиналды.
Іс-шараның ресми ашылуында Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов сөз алып, жастар мен креативті индустрияның ел дамуындағы маңызды рөлін атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген креативті индустрияларды қолдау бастамасы – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Креативті индустриялар 2030 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарымызға енгізілген, бүгінде барлық өңірде креативті хабтар жұмыс істейді. Біздің міндетіміз – талантты жастарды анықтап, жобаларын дамыту және халықаралық нарыққа шығуға жол ашу. Бүгінгі форум дәл осы міндеттерді өңірлік деңгейде шешуге бағытталған. Біздің болашағымыз – сіздер, сондықтан идеяларыңыз бен жобаларыңызды дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Баршаңызға жұмыста жеміс пен зор табыс тілеймін! – деді облыс әкімі.
Форум жұмысы алты бағыт бойынша ұйымдастырылған: кинематография, маркетинг, музыка, креативті индустрия, хореография және жасанды интеллект. Әрқайсысы бойынша байқаулар өтіп, ең үздік деп танылған алты жұмыстың авторы ақшалай сыйлық алады.
Форум екі күнге созылады, бағдарламада пленарлық пікірталастар, тақырыптық сессиялар, дәрістер, практикалық сабақтар мен шеберлік сағаттары бар. Бірінші күні «Сарайшық» тарихи-мәдени музей-қорығына экскурсия ұйымдастырылады.