
Атырауда «Ұлттық волонтерлік желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен «Салалық волонтерліктің негіздері мен әдістемелік құралдарын таныстыру» тақырыбында кездесу өтті.
Жиында волонтерлік қызметті дамыту, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, сондай-ақ салалық волонтерлікті жүйелі түрде ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Биыл Ұлттық волонтерлік желі 2027–2030 жылдарға арналған Волонтерлікті дамыту тұжырымдамасына өңірлердің ұсыныстарын енгізу мақсатында еліміздің барлық өңірінде еріктілер қауымдастығымен кездесулер ұйымдастыруда.
Кездесуде волонтерлік қызметті дамыту, әр саладағы еріктілермен өзара байланысты күшейту, азаматтарды әлеуметтік мәселелерді шешуге тарту және мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Іс-шараға Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Айбек Досымбетов, Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова, мемлекеттік органдардың өкілдері мен сала мамандары қатысты.
– Атырау облысындағы волонтерлердің белсенділігі жоғары деңгейде. Кездесулер барысында өңірдегі еріктілер қозғалысының қарқынды дамып келе жатқанын байқадық. Әсіресе, күміс волонтерлердің қоғамға қосып отырған үлесі ерекше. Олардың өмірлік тәжірибесі мен жинақтаған білімі көптеген әлеуметтік мәселені шешуде маңызды рөл атқарады, – деді Айбек Досымбетов.
Қазір Атырау облысында жасы 35-тен асқан және 50 жастан жоғары 150-ден астам белсенді волонтер қоғамдық жұмыстарға тұрақты түрде қатысып, өңірдің әлеуметтік дамуына өз үлесін қосып келеді. Одан бөлек 1000-ға жуық ерікті жас волонтер, сонымен қатар волонтерлік бағытта жұмыс істейтін 30 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді.