Атырауда волонтерлік қозғалысты дамытуға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылуда

Атырауда волонтерлік қозғалысты дамытуға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылуда

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында тұрақты даму жолындағы халықаралық волонтерлар жылы туралы баспасөз мәслихаты өтті. Брифингке Ұлттық волонтерлер фронт-офисі жобасының жетекшісі Айбек Досымбетов, «Азаматтық орталық» КММ басшысының орынбасары Фархат Карапиденов және «Atyrau Volunteer Corps» жобасының жетекшісі Абылай Құрметұлы қатысты.

Бүгінде облыста 30 үкіметтік емес ұйым волонтерлік бағытта жұмыс жүргізсе, олардың 12-сі тұрақты әрі белсенді қызмет атқаруда. Сонымен қатар, 35 жастан асқан және 50 жастан жоғары 150-ден астам белсенді волонтер қоғамдық бастамаларға тұрақты түрде атсалысып келеді.

Халықаралық волонтерлер жылы аясында өңірде бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Атырау волонтерлер корпусы» жобасы. Жоба аясында әлеуметтік, экологиялық, медициналық, төтенше жағдайлар, жануарларға көмек және өнер бағыттарындағы волонтерлік қызметтер қамтылған.

- Волонтерлік – қоғамның дамуына үлес қосатын маңызды азаматтық бастама. Бүгінде Қазақстанда волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді. Соңғы алты жылда еліміздегі белсенді волонтерлер саны 50 мыңнан 300 мың адамға дейін өссе, волонтерлік ұйымдар саны төрт есеге артты. Бұл көрсеткіштер азаматтардың қоғамдық белсенділігі мен жауапкершілігінің артқанын көрсетеді, - деді Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Айбек Досымбетов.

Биыл өңірде өткен «Atyrau Volunteer Fest» фестиваліне Telegram-бот арқылы тіркелген 200-ден астам волонтер қатысты. Фестиваль барысында республикалық және халықаралық деңгейдегі сарапшылар мен қоғам белсенділері шеберлік сағаттарын өткізіп, жастармен тәжірибе алмасты. Іс-шараға 12 жергілікті және 3 халықаралық ұйым қатысып, волонтерлік қызметтің түрлі бағыттары таныстырылды.

Жастар арасында волонтерлік мәдениетті қалыптастыру мақсатында өңірдегі 18 білім беру ұйымында арнайы кездесулер өткізіліп, волонтерлік қызметтің мүмкіндіктері таныстырылды. Қазір волонтерлерді тіркеу мен олардың белсенділігін есепке алуға арналған Telegram-бот табысты жұмыс істеуде.

Өңірде волонтерлердің бастамаларын қолдауға бағытталған «Волонтер мектебі», «Менің таңдауым», «Ұлттық ойын – ұлы мұра», «Әжемнің ертегісі», «САХНА. ШЕЖІРЕ. БІЗ» секілді жобалар жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, 35 жастан жоғары және 50 жастан асқан волонтерлерге арналған дәстүрлі «Демеу» облыстық байқауы жалғасуда.

Биыл тәжірибелі волонтерлердің қатысуымен республикалық слет өткізу жоспарланып отыр. Іс-шара үздік тәжірибелерді таратуға және өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.