Атырауда қыз-келіншектердің көшбасшылық әлеуетін арттыруға бағытталған «TOMIRIS» бағдарламасы өтті

Атырауда қыз-келіншектердің көшбасшылық әлеуетін арттыруға бағытталған «TOMIRIS» бағдарламасы өтті

1-5 маусым аралығында өңір әйелдерінің саяси көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған «TOMIRIS» ақпараттық-білім беру бағдарламасы өтті.

Бес күндік оқу курсы аясында қатысушылар көшбасшылық, стратегиялық коммуникациялар, сайлау технологиялары, жасанды интеллект құралдарын пайдалану, медиа сауаттылық және көпшілік алдында сөйлеу дағдылары бойынша білім алды.

Бағдарлама барысында бизнес-тренер Асқар Секербаев «Soft Skills» икемді дағдыларын қалыптастыру, тайм-менеджмент және жобалық команданы басқару тақырыптарында дәріс оқыды. «Magynaly Business» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің директоры Лаура Сулейменова медиа-стратегия, PR, әлеуметтік желілермен жұмыс және онлайн-коммуникациялар бойынша тәжірибесімен бөлісті.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілі Дастан Көшербаев сайлау науқандарының ерекшеліктері мен саяси капитал қалыптастыру мәселелерін түсіндірсе, AI-эксперт Надира Батырбаева жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен оны күнделікті өмірде тиімді қолдану жолдарын таныстырды. Медиа-тренер, журналист Салтанат Оңғар қатысушыларға шешендік өнер, көпшілік алдында сөйлеу және сұхбатқа дайындалу бойынша практикалық сабақтар өткізді.

Биыл бағдарламаға қатысу үшін 94 өтінім түсіп, 50 қатысушы іріктелді.

Жоба облыстық Ішкі саясат басқармасының тапсырысы негізінде Атырау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен жүзеге асырылды.