«Сенің бастамаң»: жастарға арналған грантқа өтінім қабылдау басталды

«Сенің бастамаң»: жастарға арналған грантқа өтінім қабылдау басталды

Облыстық Ішкі саясат басқармасы мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 18–35 жас аралығындағы азаматтарға арналған «Сенің бастамаң» гранттық жобасының бірінші кезеңіне өтінім қабылдау басталды.

Жобаның негізгі мақсаты – волонтер жастардың әлеуметтік маңызы бар бастамаларын қолдау және жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беру.

Бағдарлама аясында 10 жас волонтерге өз идеяларын іске асыру үшін әрқайсысына 300 мың теңге көлемінде грант қарастырылған.

Айта кетейік, өткен жылы байқауға 60-қа жуық жоба ұсынылып, олардың 42-сі іріктеу кезеңінен өткен. Қорытынды кезеңде 38 қатысушы өз жобаларын қорғап, нәтижесінде 10 үздік жоба жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, әлеуметтік бағыттағы үздік жобалардың авторларына 500 мың теңгелік сертификаттар табысталды.