Атырауда жастарға мемлекеттік қызметке орналасу жолдары мен жаңа бастамалар таныстырылды

Атырауда жастарға мемлекеттік қызметке орналасу жолдары мен жаңа бастамалар таныстырылды

Абай орталығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев өңір жастарымен кездесті. Жиында мемлекеттік қызметке орналасу жолдары мен сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттарын талқылады.

Департамент басшысының айтуынша, биыл 1 сәуірден бастап енгізілген жаңа әдіс конкурстық рәсімдердің мерзімін 5–7 жұмыс күніне дейін қысқартқан. Енді конкурсқа жеке қасиеттерді бағалау нәтижесі бойынша ең жоғары балл жинаған үздік 5 кандидат қана жіберіледі. Құжаттар «Е-қызмет» сыртқы порталы арқылы қабылданады.

- Басшылық лауазымдарға кандидаттар эссе жазып, әңгімелесуден өтеді. Ал төменгі және басшылық емес лауазымдарға үміткерлер практикалық тапсырмалар орындайды. Бұл өзгерістер мемлекеттік қызметке кәсіби, бәсекеге қабілетті әрі нәтижеге бағдарланған кадрларды тартуға бағытталған, – деді Нұрлан Еркебаев.

Сонымен қатар талантты жастарды қолдау мақсатында жаңа мүмкіндік қарастырылған. Атап айтқанда, жоғары оқу орнын грантпен бітірген, GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары түлектер конкурссыз-ақ ауылдық және аудандық деңгейдегі лауазымдарға тағайындала алады.

Кездесу соңында қатысушылар сұрақ қойып, салаға қатысты өзекті мәселелер бойынша жауап алды.