Атырауда құқықбұзушылықтың алдын алу жолдары талқыланды

Атырауда құқықбұзушылықтың алдын алу жолдары талқыланды

Атырауда «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Азаматтық тәрбие, құқықтық мәдениет, жастардың әлеуметтік жауапкершілігі» тақырыбында жиын өтті.

Келелі жиын Атырау облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев баяндамасымен ашылып, онда мемлекеттік орган өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері мен белсенді жастар қатысты.

Жиын барысында өңір прокуроры былтыр құқықбұзушылықтың артқанын атап өтіп, оның алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Әсіресе білім беру ұйымдарында іске асырылған «5 минуттық құқықтық түсіндіру» жобасының тиімділігіне тоқталды.

Сондай-ақ «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігімен атқарылып жатырған жұмыстар нәтижесінде жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және патриоттық тәрбиені күшейтуге бағытталған жобалар жүзеге асуда. Бүгінде төрт бағыт бойынша 64 жас қамтылған.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов жастар саясаты мен идеологиялық жұмыстың басым бағыттарына тоқталды. Ал «Атырау» газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев, «Қайсар» каратэ және тай-бокс клубының жетекшісі Айбат Рахманов, қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Мансия Сағидоллаева жастар тәрбиесі мен олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Іс-шара барысында қатысушылар арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, ұсыныстар айтылды. Белсенді азаматтар марапатталып, жиын қорытындыланды.