Атырауда заманауи талаптарға сай жаңа орталық – Atyrau Creative Hub ресми түрде ашылды

Атырауда заманауи талаптарға сай жаңа орталық – Atyrau Creative Hub ресми түрде ашылды

Президент тапсырмасына сәйкес елімізде креативті индустрияны дамыту мақсатында шығармашылық хабтар ашылуда. Осы бастама аясында Атырау қаласында ATYRAU CREATIVE HUB өз жұмысын бастады.

Бүгінде еліміздің 20 өңірінде осындай креатив хабтар ашылып, жұмысын бастап үлгерген. Енді бұл қатарға Атырау қаласы да қосылды.

Жалпы аумағы 1598,86 м² болатын бұл көпфункционалды кеңістік шығармашыл жастар мен мамандарға арналған заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Орталықта білім беру аудиториялары, медиастудиялар және түрлі форматтағы іс-шараларды өткізуге арналған залдар қарастырылған.

Сонымен қатар, мұнда коворкинг аймағы, конференц-залдар, кітапхана, резиденттерге арналған кеңселер, креативті және медиа бағыттағы алаңдар, сондай-ақ демалыс орындары бар. Барлық кеңістіктер заманауи техникамен және қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Жаңа орталықтың ашылуына Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысып, хабтың жұмысымен танысты. Облыс әкімі орталықтың ашылуына сәттілік тілеп, жәрмеңкені аралады.

Хабтың ашылуы аясында бірқатар мазмұнды іс-шаралар өтуде. Бағдарламада креаторлармен кездесулер, жергілікті брендтердің жәрмеңкесі, 3D принтер көрмесі, зергерлік өнер мен киіз басу бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, кітап клубтары мен интерактивті алаңдар жұмыс істеп, тақырыптық дәрістер мен «Көктем» көрмесі ұсынылды. Кешкі уақытта шара концерттік бағдарламамен жалғасып, жергілікті әртістердің қойылымдары қойылды.

Жаңа орталық өңірдегі креативті индустрияны дамытуға және жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаң болмақ.