
Атырауда Наурызнама онкүндігі аясында жастарға арналған сурет көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шара мәдениет пен ұлттық дәстүрлер күніне орай өтті.
Жас ұрпақты ұлттық нақыштармен таныстыруды мақсат еткен көрме Batik Kami арт-галереясында өтіп,көрмеге 30-дан астам студент қатысты.
Көрмеде суретші Камила Жапалованың 80-нен астам туындысы ұсынылды. Оның айтуынша, соңғы жылдары жастардың қазақ өнеріне деген қызығушылығы айтарлықтай артып келеді.
– Маған қазақстандық суретшілер мен дизайнерлердің этностильге жиі жүгінетіні ұнайды. Қазақтың ою-өрнектері, ұлттық колориті мен кілемдері кеңінен насихатталып жатыр. Біз шетелдегі көрмелерге қатысып, тәжірибе алмасамыз. Соның арқасында ұлттық өнеріміз дамуын жалғастырып келеді, – деді К. Жапалова.
Көрмені тамашалағаннан кейін қатысушылар үшін сурет салу бойынша шеберлік сабағы өтіп, жастар өздерін суретші ретінде сынап көрді.
Наурызнама онкүндігінің басты мақсаты – жас ұрпақтың қазақтың салт-дәстүрін тереңірек танып-білуі, ұлттық құндылықтарды сақтап, жаңғырту.