Биыл жыл басынан бері 750-ден астам тұрғынға тегін құқықтық кеңес берілді

Биыл жыл басынан бері 750-ден астам тұрғынға тегін құқықтық кеңес берілді

Атырау облысында құқықтық сауаттылықты арттыру және тұрғындарға тегін заңдық көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы Құқықтық кеңес беру орталығының басшысы Жанар Ілиясова брифинг барысында мәлім етті.

Биыл қаңтар-ақпан айларында облыс бойынша 751 тұрғынға азаматтық, әкімшілік, еңбек, отбасы, қаржылық, жер және қылмыстық құқық салалары бойынша кеңес берілген. Сонымен қатар орталық заңгерлері 150-ге жуық адамға жеке қабылдау өткізіп, оның 123-і кеңседе, 26-сы онлайн форматта қызмет алған.

Сондай-ақ «Ашық есік күні» аясында өткен кездесулерге құқықтық орталықтың заңгерлері мен психологтары, әділет органдары, әлеуметтік қорғау мекемелері, нотариат палатасы, сот және адвокатура өкілдері қатысып, 81 тұрғынға нақты кеңес берілді.

- Біздің негізгі мақсатымыз - тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және оларға нақты көмек көрсету. Кеңес беру барысында неке бұзу, алимент өндіру, мүлікті бөлу, банктік қарыздар мен мұрагерлік мәселелеріне қатысты сұрақтар жиі көтеріледі. Әрбір өтініш бойынша заңнама талаптарына сәйкес толық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, - деді орталық басшысы.