
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуованың қатысуымен баспасөз брифингі өтіп, онда басқарманың 2025 жылы атқарған жұмыстары мен жоспарлары туралы айтылды.
Өңірде азаматтық қоғам институттарымен өзара байланыс жүйелі түрде жүргізілуде. Қазір облыста 892 үкіметтік емес ұйым, 9 қоғамдық кеңес, 7 саяси партия және 44 діни бірлестік қызмет атқарады. Өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 18 жоба және гранттық қаржыландыру арқылы 13 жоба іске асырылды.
– Бүгінде 150-ден астам ҮЕҰ белсенді жұмыс істеуде. Жыл қорытындысы бойынша 8 ұйым мемлекеттік сыйақы иегері атанды. Сондай-ақ 17 басқармамен кездесу өтіп, 120 ұйым қатысты. Азаматтық орталық арқылы 800-ден астам азаматқа кеңес беріліп, ҮЕҰ өкілдеріне арналған оқыту бағдарламалары ұйымдастырылды. Сонымен қатар волонтерлік бағытта 1200-ге жуық ерікті тартылып, әлеуметтік маңызы бар бастамалар жүзеге асты, – деді басқарма басшысы.
Облыста 208 мыңнан астам жас бар. Былтыр NEET санатындағы жастар саны 9885 адамға дейін төмендеді. Жастарды қолдау мақсатында «Жасыл ел», «Isker Adamdar», «Saraishyq upgrade», «Atyrau Jastar Fest» сияқты ірі бастамалар өткізілді. Нәтижесінде мыңдаған жас уақытша жұмыспен қамтылып, білімін жетілдіруге және кәсіби дамуға мүмкіндік алды.
Интеллектуалды даму бағытындағы «Atyrau puzzle day», «Atyrau Quiz» және пікірсайыс турнирлерімен қатар «Өзгеріс көшбасшылары», «Қоғам дауысы» жобалары мен «Tomiris» ақпараттық-білім беру бағдарламасы өңір тұрғындары арасында сұранысқа ие болып, тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Облыста 18 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Өткен жылы 700-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, 53 мыңнан астам адам қамтылды.
Ақпараттық саясат бағытына ерекше көңіл бөлінді. Бүгінде облыста 51 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген, оның 46-сы белсенді жұмыс істейді. 2025 жылы журналистердің кәсіби мерекесі кең көлемде аталып өтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған облыстық байқау ұйымдастырылды.
Биыл ақпараттық саясатты одан әрі дамыту мақсатында журналистерге арналған оқыту семинарлары, Т.Амандосов атындағы сыйлық, фотожурналист А.Мутигуллиннің фотокөрмесі және бірқатар медиа-жобаны іске асыру жоспарлануда.
Сондай-ақ «Атырау-Ақпарат» ЖШС медиахолдингінің ғимараты толық реконструкциядан өтіп, заманауи студиялар, баспасөз орталығы мен коворкинг-аймақтар құрылды.