
Бүгін «2026 жыл – Халықаралық волонтерлер жылы: Атырау облысы бойынша жоспарланған іс-шаралар мен жобалар туралы» тақырыбында баспасөз брифингі өтті. Брифингке Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының «Азаматтық орталық» КММ-нің басшысы Жанат Досқалиева мен облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Мансия Сағидоллаева қатысты.
Биыл облыста волонтерлерге арналған 13 жоба жүзеге асыру жоспарлануда. Соның ішінде өңір волонтерлеріне арналған «Демеу» байқауы биыл да өз жалғасын табады. Байқау аясында 35 жастан асқан және 50 жастан жоғары 6 волонтерге әрқайсысына 1 млн теңгеден қаржылай қолдау көрсетіледі.
Сонымен қатар жыл бойы «Біз таңдаған жол» жобасы жүзеге асырылып, республикалық волонтерлер слеті өткізіледі.
Баспасөз мәслихатында Ж.Досқалиева 2025 жылы өткен «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығында Атыраудан «Jana Jastar» ұйымы мен «Жүректен жүрекке» қоры жеңімпаз атанғанын айтып өтті. Сондай-ақ Алмаз Есенгалиев – «Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін», Индира Мұқтар – «Тұрақты даму мақсатының көшбасшылары» номинациялары бойынша үздік деп танылған.
«Jana Jastar» волонтерлік ұйымы экология, әлеуметтік қолдау және білім беру бағыттарында 70-ке жуық іс-шара өткізді.
- «Таза Қазақстан» акциясына 400-ден астам, «Мейірімді Қазақстан» жобасына 250 волонтер қатысты. Сонымен қатар өңірде «Atyrau Volunteer Corps» кеңсесі ашылып, волонтерлерді оқыту, қолдау және үйлестіру жұмыстары жүйеленді. 14–35 жас аралығындағы волонтерлерге арналған «Сенің бастамаң» гранттық жобасы жоспарлануда. Жоба жастардың бастамаларын қолдау арқылы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге жағдай жасау, олардың азаматтық жауапкершілігі мен әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған, - деді М.Сағидоллаева.
Айта кетейік, бүгінде облыста 1200-ге жуық ерікті, сондай-ақ волонтерлік бағытта жұмыс істейтін 30 үкіметтік емес ұйым бар.