
Бүгін облыстық Жастар ресурстық орталығы мен Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлының қатысуымен «Дәстүр мен дін» тақырыбында кездесу өтті.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен кездесу жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттап, дін мен дәстүрдің сабақтастығын түсіндіру, жат ағымдардың алдын алу мақсатында өткізілді.
Іс-шара барысында бас имам қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ислам дінінің сабақтастығы туралы мазмұнды баяндама жасап, жастардың сұрақтарына жауап берді.
Тағылымды кездесуге «Әжелер алқасының» төрайымы Айсұлу Қайырқызы мен облыстық Дін істері басқармасының «Ақпараттық-талдау орталығы» басшысының орынбасары Қалыбек Өтегенұлы да қатысып, рухани тәрбие мен жауапкершілік мәдениетін нығайту жөнінде ақпарат берді.
Сонымен қатар жиында ақпараттық кеңістікте қауіпсіздік сақтаудың маңызы мен діни контентті дұрыс талдау тәсілдері түсіндірілді. Кездесуге 200-ге жуық студент қатысып, өзара пікір алмасып, рухани-танымдық бағыттағы маңызды мәліметтер алды.